Инвестициялардың экономиканы тұрақты дамытуда маңызы айрықша. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде мегаполисте инвестклимат жақсарып келеді. Бұл бағыттағы кешенді шаралар өз жемісін беруде. Биылғы алғашқы тоқсанда қалаға 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Былтырғы жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 109,6% құрап отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға артады деп күтілуде. ікелей шетелдік инвестициялардың көлемі елдің ашықтығының, нарықтық экономикаға бейілділігінің әрі бизнес жүргізуге тартымдылығының басты белгісі саналады. Сондай-ақ бұл – кез келген мемлекеттегі жағдайдың тұрақтылығының айқын дәлелі. Әйтпесе, берекесі қашқан елге инвесторлардың қаржы құюы былай тұрсын, маңайламасы анық. Ал Қазақстан тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Бұл дегеніміз қомақты қаржы ғана емес, бұл – ірі жобалар, жаңа технологиялар. Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың мықтылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға жол ашып отыр.Діттелген межеге қол жеткізу үшін түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталады. Бүгінде аймақтың 1,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы 21 жобасы әзірленді. Сондай-ақ, қалада жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылуда. Қазір «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 га дейін, ал сауда-логистикалық орталығын 136 га дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі