Білім – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Қазіргі уақытта қала мектептерінде оқушы орындарының жетіспеушілігі байқалады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 18 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың ішінде 3200 орынға арналған
2 мектеп іске қосылды және де 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен есеп беру кездесуінде айтты.
«Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 3 мектептің құрылысына 7,9 млрд теңге бөлінді, ал инвесторлар қаражаты есебінен 5 мектеп пайдалануға берілді, оларда 2800 орын бар. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Тұран шағын ауданында 500 орындық «Оқушылар сарайы» салынып жатыр, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталды. Сонымен қатар, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді. Бұл шара жастардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау және технологиялық стартаптарды құру мақсатында өңірлік IT-орталық «Shymkent HUB» іске қосылды», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімі сондай-ақ мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл Шымкентте 2066 орындық көпфункционалды Конгресс-холл пайдалануға берілді, мұнда халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен төрт шағын ауданында жаңа «Мәдениет үйлері» ашылды. Мегаполис тұрғындарының мәдениетке деген қызығушылығын арттыру және мәдени өмірді жандандыру үшін саябақтарда және Мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі