Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебінде болып, қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Нысан 2 ауысымда жұмыс атқарады.
1 ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сыятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады.
Жертөледе пауерлифтинг оқу-жаттығу залы, ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі қарастырылған.
Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші бөлмесі, киім бөлмесі, 18 орынға асхана, 210 орынға көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған.
– Мұнда болашақ чемпиондар, Олимпия ойындарының чемпиондары даярлануда, біз еліміздің әр түкпірінен келген дарынды балалардың кәсіби спортпен айналысып, ойдағыдай дайындықтардан өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Бұдан былай сендер бізді спорттағы ең жоғары көрсеткіштермен, биік спорттық жетістіктермен қуантыңдар! – деді қала әкімі.
Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарлануда.
Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы, “құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек”,-деді.
Айта кету керек, бұған дейінаталмыш спорт мектебі 6-18 жас аралығындағы жастарды спорттың 8 түрінен спортқа баулиды. Қазіргі таңда волейбол, бокс, дзюдо, еркін күрес, үстел теннисі, баскетбол, таеквондо, пауэрлифтинг сияқты спорт түрлерімен 746 спортшы тәрбиеленуде. Қосымша ғимараттың құрылысы аяқталса, мұнда тағы 200 адам спортпен айналысып, түрлі спорт ойындарынан жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Қосымша ғимарат пайдалануға берілсе тағы бір спорт түрі – бадминтонды да бағдарламаға қосу жоспарланып отыр екен.