9.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ЭПИЛЕПСИЯҒА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛУДА

Шымкентте алғаш рет эпилепсия дертіне шалдыққан 1 жас 9 айлық балаға күрделі ота жасалып жатыр. Бүгінге дейін Алматы, Астана қалаларында ғана жасалып келген нейрохирургиялық бірегей оталар енді Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында жүргізіледі. Бұл туралы «Балалар нейрохирургиясындағы операцияның инновациялық әдістері» тақырыбындағы ғылыми конференция барысында белгілі болды.
Бүгін Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында бірегей нейрохирургиялық оталар бойынша шеберлік сағаты басталды. Дәрігерлер 24-26 қараша аралығында 5 күрделі ота жасауды жоспарлап отыр.
Жиынға Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы И.Глазебная, Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері М.Рабандияров, Ресей Федерациясы ДСМ «В.Алмазов атындағы ұлттық медицина орталығы» ФГБУ университеті балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі А.Ким, «Балаларға өмір сыйла» жобасының жетекшісі С.Селюнина, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Д.Жұмаділова және бірқатар нейрохирург-дәрігерлер қатысты.
— Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы — қаладағы 18 жасқа дейінгі балаларға жедел және жоспарлы медициналық көмектің барлық түрін көрсетуге арналған көп салалы аурухана. 2020 жылдан бастап мамандарымыздың біліктілігін жетілдіріп, нейрохирургия саласын дамыта бастадық. Нейрохирургия саласын дамытуға қолдау білдіріп отырған Шымкент қаласы әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы мен «Милосердие» қорына алғыс білдіреміз. 2021 жылы жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаржы қаралып, заманауи нейрохирургиялық қондырғылар — МРТ, ангиограф апараттары алынды. Жаңадан онкогематонефрология, нейротравматология, интервенциялық кардиохирургия бөлімшелері ашылды. Қазіргі уақытта заманауи жабдықтың көмегімен балалардың церебральді сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар жүргізіліп келеді. Шеберлік сағаты аясында еліміз бен шетелдің білікті дәрігерлерінің көмегімен Шымкентте бұрын соңды жасалмаған ота түрлері жоспарланып отыр. Ота 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге жүргізіледі. Эпилепсияға шалдыққан науқасқа кезбе нервінің қозуын төмендететін нейростимулятор орнату отасы бірінші рет жасалып отыр, — дейді Динара Жұмаділова.
Айта кетейік, ресейлік және отандық дәрігерлер бірігіп, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, краниостеноз- синостоз, Арнольда Киари, церебральді сал ауруы кезінде дорзальді ризотомиясы, Мойя-Мойя ауруына шалдыққан науқастарға күрделі операция жасайды.
«Шымкент келбеті»
Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ.

Ұқсас ақпараттар

Қаладағы қоқыс мәселесі ауқымды

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

smarttop

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТЫЛДЫ

smarttop

Пікір қалдыру