«Қуанышты жаңалық!
Оқушыларымыз кезекті рет өте жоғары деңгей көрсетіп, алғаш рет робототехникадан әлем олимпиадасында 2-орынға ие болды. Жарыс Германияның Дортмунд қаласында өтті», — деп хабарлады еліміздің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Иә, аталмыш жарыста шымкенттік Ж. Жабаев атындағы №26 мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш зеректігімен ерекшеленіп, жеңімпаз атанды. Бәріміздің төбеміз көкке жеткендей қуандық.
World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл алғашқы іріктеуден дүние жүзі бойынша 15000 команда қатысса, доданың финалдық кезеңіне 73 елден 365 команда жолдама алған болатын.
«Балалардың әлемдік аренадағы жеңістері ерекше мақтаныш сезімін тудырады.
Жас және дарынды жеңімпаздарымызды осындай жоғары нәтижемен құттықтаймын!
Сондай-ақ олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын да құттықтаймын!
Балаларға биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспін!», — деп жылы лебізін білдірді министр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан да әлеуметтік желідегі парақшасында осы бір қуанышты оқиғаға байланысты өзінің пікірін білдіріпті.
«Бұл — еліміздің білім жүйесіндегі үлкен жетістік. Қазір білім саласында жүріп жатқан реформалар, мұғалімдер мәртебесі, білім саласына келіп жатқан инвестиция жетістіктерге жетелейтіні хақ.
Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкент қаласының мектептеріне арнайы кабинеттер көптеп алынып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы 127 мектепте робототехника кабинеті бар. Оқушылар бос уақытында робот құрастырумен айналысады.
Бостонда екі жыл тұрғанымда роботтарды итше жүгіртіп қойған Boston Dynamics-тің жұмыстарын көріп, болашақтың кілті кім робот құрастыра алады соның қолында екен деген ой келген. Сонымен бірге CRISPR генді түзеу биотехнологиясының қалай дамып жатқанын көріп отырсаң, білімді жұрттың ғана келешегі кемел болатыны кәміл.
Сондай-ақ осымен міне үшінші жыл Шымкент қаласындағы мектертердің бастауыш сыныптарына шахмат сыныптары ашылды. Аптасына бір рет 1-4 сынып оқушылары міндетті түрде шахмат сабағына қатысады. Бұл өз кезегінде басқа да пәндерді игеруге септігін тигізіп жатыр. Алдағы уақытта мықты шахматшылар Шымкенттен шығып жатса таңғалмаңыз.
Жалпы Қазақстандағы әрбір бесінші оқушы қазақы оңтүстік өңірдің мектептерінде оқиды. Демек ел экономикасын көтеру үшін алдымен оңтүстіктің білім жүйесін көтеру керек деп ойлаймын және солай болып та жатыр», — деп жазды ол.
Айтып өтейік, Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде 127 робототехника кабинеті бар, бұл шаһардағы білім ошақтарының 84,1%-ын құрайды. Роботехникаға қызығушы жастардың көбеюі жақын болашақта бізде де көптеген өнертабыстардың өмірге келетінін көрсетеді.