9.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

БАЙЛАНЫСШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Ал Шымқала халқы қашан да еңбекқор. Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен өткен дәстүрлі «Еңбек жолы» байқауының нәтижесі осыны айғақтайды. Қатысушылар арасында ортасынан оза жауып, үздіктердің үздігі шоқтығымен дараланды. Бүгін «Еңбек жолы» байқауының
«Үздік еңбек әулеті» номинациясының І орын жеңімпазы Абубакировтар әулеті туралы айтатын боламыз.
Ата, бала, немере. Бір әулеттен шыққан аталы-немерелі байланысшылардың еңбек өтілі ғасырға жуық уақытты құрапты. «Ағаш бір жерде көгереді» демекші, бар ғұмырын байланыс саласына арнаған еңбек адамдарының бірі — құрметті ардагер, екіншісі — сыйлы басшы, үшіншісі — жас маман.
Абакуров Жақып қария 1984 жылы Киров аудандық байланыс торабының бастығы қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Еңбекке 1938 жылдан араласып, байланыс органдарында 1946 жылдың қыркүйегінде келіпті. Байланыс фельдъегері қызметінен бастаған Ж.Абакуров 1951 жылы Қызылқұм аудандық байланыс бастығының орынбасары лауазымына ауысып, 1952 жылдан зейнетке дейін Киров аудандық байланыс торабының бастығы қызметін атқарған. Қызметте адал, әрі талапшыл ардагердің өмір жолы — байланысшылардың жаңа буынына үлгі-өнеге.
Ал, Үсенхан Жақыпұлының байланыс саласындағы еңбек өтілі – 36 жыл. Бүгінде Оңтүстік өңірдегі «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасының өкілетті өкілі лауазымында қызмет етіп келеді.
Еңбек жолын 1986 жылы Шымкент облысы Киров аудандық байланыс торабының күшейту пунктінің инженері болып бастаған ол қызметте сатылап өсіп, бүгінде бүтін бір өңірдің байланыс саласын тізгіндеп отыр.
Жақып Әубәкіровтің қызметтестері оның көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалайтынын айтады. Бас директор лауазымында жүріп, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстары қатар басқарған. Байланыс сапасын жақсарту мақсатында нормативтік талаптардың 100 пайызға сақталуын қадағалап, нысандарды халық игілігіне дер кезінде пайдалануға беріп отырған.
Үсенхан Жақыпұлы ғылымнан да алыс емес. Байланыс саласымен қатар, экономиканың да қыр-сырын меңгеріп, экономика ғылымдарының кандидаты атанған. Ал, байланыс саласындағы үзіліссіз, әрі жемісті еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, «Құрметті байланысшы».
— Цифрлы технология дәуірінде байланысшы қызметі үлкен сұранысқа ие. Бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, әрі қарай дамыту үшін жауапкершілігі мол, мақсатына адал жалынды жастар қажет. Сұранысқа ие білікті маман болу үшін әрдайым ізденіп, өзін дамытып отыру маңызды. Мен қиындығы мен қызығы қатар жүретін күрделі мамандықты таңдаған әрбір азаматтың бұл жолды таңдағанына ешқашан өкінбейтінін сеніммен айта аламын, — дейді Үсенхан Жақыпұлы.
Ата жолын қуған Дәурен Үсенханұлы Әубәкіров — «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша білім алып, Техника және технологиялар магистрі академиялық дәрежесін алған білікті маман.
Дәуреннің телекоммуникация саласындағы еңбек өтілі 11 жылдан асып жығылады. Ол «Қазақтелеком» АҚ жүйесінің өзінде 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Компаниядағы еңбек жолын электромеханик қызметінен бастаған Дәурен бүгінде әкесі мен атасы сынды сатылап өсіп, «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Алматытелеком» телекоммуникациялар желісі дамыту бөлімінің бастығы қызметін жауапкершілікпен атқарып жүр.
Инженерлік қызметтегі кезеңдерде бизнес-процестерді жетілдіріп, абоненттік қызметтерді автоматты түрде конфигурациялау сценарийін дайындап, қолданысқа енгізген. Ал, Телекоммуникациялар желісін дамыту бөлімінің бастығы қызметінде жүріп, инвестициялық жобалар бойынша бизнес-жоспарлармен тікелей айналысқан. Ата жолын қуған байланысшы баланың алғырлығы мен алға қойған мақсатына жету жолындағы ыждаһаттылығы замандастарын да қуаттандырып жүрген жайы бар. Байланыс саласында жаңашылдығымен көзге түскен маман «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Жылдың үздік қызметкері» корпоративтік наградасын да иеленген.
Қазақтың дала данышпаны Төле би
«Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі» деген екен. Жақып қарияның ұрпақтары бүгінде ата жолын қуып, байланысшылар династиясын қалыптастырып жүр. Ұрпақ тәрбиесін назарда ұстап, ата кәсіпке баулып, оны бойына ерте жастан сіңіру деген осы болар. Мықты маман да осы ата кәсіпке адал жандардан шығары анық.
«Шымкент келбеті»

Ұқсас ақпараттар

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ТҰРАН, БОЗАРЫҚ, АҚЖАЙЫҚ ШАҒЫНАУДАНДАРЫНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ “SHYMKENT FEST” ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

smarttop

Оқушыларды тасымалдаушы автобуста кемшіліктер анықталып, жүргізуші жауапқа тартылды

smarttop

Пікір қалдыру