Ішкі істер саласында қызметке орналасатын мамандардың эмоционалдық реакциясын психофизиологиялық зерттеулерден өткізетін психолог полиграфолог маманның еңбегі ерекше. Солардың бірі өз ісінің маманы — Түркістан облысы Полиция департаментінің шенді аруы Сұлушаш Шакирханқызы.
Көшімбетова Сұлушаш Шакирханқызы Түркістан облысы Келес ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан полицей болуды армандап, мақсатына жетіп қазіргі таңда полиция капитаны шенімен Кадр саясаты басқармасының инспектор – полиграфы болып қызмет атқарады.Тайсалмас қайсар мінезі мен табандылығының арқасында өз орнын қалыптастыра білген білікті маман, еңбек жолын Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында бастаған. 2009 жылдан бастап Түркістанға оралып, қызметін осы жақта жалғастырып келеді.
Биылғы жыл Сұлушаш үшін ерекше себебі дәл осы жылы Ішкі істер саласында қызмет атқарып жүргеніне 15 жыл. Негізгі қызметі ішкі істер органдарына үміткер жастарға полиграфологиялық зерттеу жүргізеді.
-« Психология саласы ең күрделі салалардың қатарына жатады. Сондықтан өз білімімді арттыру мақсатында жылына кем дегенде 2 рет біліктілікті арттыру курстарына қатысып, арнайы сертификаттарды алып отырамын. Себебі мамандардың құмар ойынға, есірткіге деген тәуелділігін тек аппаратпен анықтау жеткіліксіз. Бұл жағдайда психологиялық және нумерологиялық білімде қажет болары анық» — деп, атап өтті полиция капитаны Сұлушаш Көшімбетова.
Сонымен қатар басшылардың басқару стилі мен көшбасшылығын және қызметкерлердің психологиялық жай күйін анықтау мақсатында аудандарға іссапарға шығып тұрамыз. Жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде орындау үшін ерте келіп, кеш қайтатын кездерімізде көп болады. Сол үшін әрдайым қолдауын білдіріп отыратын отбасыма да алғысымды айтқым келеді, — дейді Сұлушаш Шакирханқызы .
Бүгінде Сұлушаш өз шаңырағының ұйытқысы, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, бақытты жар. Демалыс күндері отбасымен бірге фильм көріп, табиғат аясында серуендегенді жақсы көреді. Апта сайын бассейнге барып, гимнастикамен де айналысуды әдетке айналдырған. Отбасында да, жұмысында да өзіндік орнын қалыптастыра білген полицей Сұлушашқа алдағы уақытта еңбегінің жемісін көріп, ары қарайда Ішкі істер саласында адал қызмет атқара беруіне тілектеспіз.
Алдыңғы