🔹Бүгін Шымкентте қайтарымсыз грант иегерлерінің өнімдері ұсынылған көрме-жәрмеңке өтті. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, 150-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаларымен танысты.
Мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторингті Кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттары мақсатыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.
«Тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі» — деді қала әкімі.
🔹Жәрмеңкеде кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары келушілерге тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша кеңестер берді.
🔹Айта кетейік, өткен жылы қаламызда 1 мыңнан астам адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2 мыңнан астам адам тегін кәсіби оқуға жіберілген. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын табуда. Қала бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.