Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
«Business Plas» көбік түйіршікті полистирол өндіру цехының иелері осыдан екі жыл бұрын 5 млн теңгенің грантын ұтып, қаржыға қондырғылар сатып алған. Мемлекет қолдауымен өндірісін ұлғайтқан кәсіпорын жылына 10 мың текше метр полистирол шығарып, ішкі нарыққа сатуда.
Өнім көлемін арттырғысы келетін кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін қосымша жер қарастыруды сұрады. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға цех ашу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін бөлуді тапсырды. Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағындар оның шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағынатын жөн де, жоба да жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болып келеді.Бағдарламаның бірінші бағыты — шаштараз, аспаз, жиһаз құрастырушы сияқты белгілі бір мамандық бойынша қысқамерзімді мамандандырылған оқыту. Бұл курстың операторы — жергілікті жұмыспен қамту орталықтары. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы негізінде жүзеге асырылады.
Оқу-әдістемелік құралдарын шығарумен айналысатын «Automations» цехының иелері де 3 млн теңгенің қайтарымсыз қаражатын алып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Қазір дуальды оқыту бағдарламасы аясында өнімдерін жергілікті колледждерге сатуда. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, қала мектептерін отандық әдістемелік құрылғылармен қамтуды жоспарлауда.
Қала әкімі тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.