1.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АСА АУЫР ҚЫЛМЫС САНЫ АЗАЙҒАН

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәжілісі өтті. Күн тәртібінде осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы қылмыс деңгейі, қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі және «Түркістан облысы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құру туралы» өкімімен құрылған топтың атқарған жұмысы талқыланды. Комиссия отырысына аумақтық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Басқосуда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасының бастығы Өркен Сейітов 2023 жылдың 3 ай қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтардың жай-күйіне бойынша баяндама жасады. Осы кезеңде облыста қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелу саны 12%-ға төмендеген. Алайда қылмыстың тіркелуі Отырар ауданында – 42,9%, Сарыағашта – 16,9%, Төлебиде – 13,6%, Жетісайда 7,3%-ға өскен. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны бірқатар аудандарда өсім көрсетіп отыр. Басқарма бастығы құқық бұзушылықтардың статистикалық көрсеткіштерін Комитеттің «Қамқор» ақпараттық порталынан онлайн режимінде көрсетіп, бұл ақпараттардың қолжетімділігін атап өтті.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың баяндауынша, жалпы қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңірде аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны 14,3 %-ға, ауыр қылмыстардың – 15,1 %-ға, орта және ауыр емес қылмыстар 8,1 %- ға төмендеген. Сондай-ақ қасақана кісі өлтіру, деңсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық шабуыл жасау, тонау, бұзақылық пен есірткі қылмыстары бойынша ашылым 100 %-ды құраған.
Бірінші тоқсан қорытындысымен қоғамдық орында жасалған қылмыстар 28 %- ға төмендеген. Облыста жол көлік оқиғалар саны 4,5 %-ға, жарақан алғандар саны 16,8 пайызға төмендеген, ал жол апаттарынан қаза болғандар саны 66 пайызға өскен. Үш айда 150 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 2 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне полиция органдарымен бірлесе отырып, қылмыстардың алдын алу үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Мерзімі – бір апта. Әр тоқсан сайын жоспардың орындалуы туралы аудан әкімдері баяндайтын болады. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс санының бірқатар аудандарда өсуіне байланысты алдағы жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды жүктеді. Сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Түркістанда сервистік полиция моделі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның жұмысы жайлы Түркістан облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы Асылхан Төреханов баяндады.
Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің оңтайлы тәсілі – полиция сервистік моделі бойынша пилоттық жоба Түркістан қаласында 2021 жылы жүзеге асырылған. Жобаны масштабтау үшін қазіргі таңда Түркістан облысының аудан, қалаларында сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстар атқарылуда. Өңір басшысы бұл бағыттағы бірқатар жұмыстарды сынға алды.
– Кентау қаласы, Мақтаарал, Отырар, Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сайрам аудандарында бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай болмай тұр. Аудан, қала әкімдері осы жұмыс тобымен бірлесе жұмыс атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесін жеке бақылауға алыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУ ЖҮРУДЕ

smarttop

17 КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗДАРЫ ӨТЕЛДІ

smarttop

Полицейлер жалған нөмір тағып алған көлік жүргізушісін анықтады

smarttop

Пікір қалдыру