Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала аумағында ауа температурасының 40 градустан жоғары көтеріліп, қатты ыстықтың күтілуіне байланысты арнайы баспасөз брифинг өткізді.
«Қазгидромед» осы аптадағы ауа температурасы 40-тан жоғарылайтыны туралы хабарлады. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Әлібек Ысқақовтың айтуынша, жылдың ыстық мезгілінде табиғат аясы мен жеке тұрғын үйлерде өрт орын алу ықтималдылығы артады. Өйткені, бұл уақыт көпшіліктің үйде немесе демалыс аймақтарындағы ұқыпсыздығының салдары қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін.
– Тілсіз жау оңай пайда болғанымен оны арнайы құралдарсыз, құм және су болмаған кезде сөндіру оңай емес. Қарапайым абайсыздықтың өзі үлкен аумақты алып жатқан орман өртіне, жабайы жануарлар мен азаматтардың өліміне әкеледі. Ал, осы жылғы статистикаға келсек, 2023 жылдың 6 айында қалада 83 өрт тіркелген. Оның материалдық шығыны 173 млн теңгеге жуықтайды. Көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызды құрап отыр, яғни 2022 жылдың осы кезеңінде 82 өрт жағдайы орын алған. Биылғы орын алған өрттің салдарынан 8 адам қайтыс болды (2022 жылы 1 адам). Жарақат алғандар тіркелмеді. Негізгі өрттің 78 пайызы жеке тұрғын үй мен көліктерде болған. Қалған 18 өрт немесе 22 пайызы өндіріс, сауда, қойма, әкімшілік объектілерде және ашық аумақтарда орын алып отыр. Орын алған өрт жағдайлар бойынша 208 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 174 ескерту, 34 тұлғаға жалпы сомасы 1 млн 362 мың 750 теңге айыппұл салынды, — деген Ә.Ысқақов тұрғындарды өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Ал, белгіленбеген су айдындарында шомылу туралы азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Мерей Келеқулов айтып берді. Биыл республика бойынша шомылу кезінде 105 адамның суға бату оқиғасы орын алған. Шымкент қаласы бойынша мұндай жазатайым оқиға тіркелмепті. Қала аумағында суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 орын бекітілсе, оның 3-і шомылуға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, барлық аквасаябақ шомылу маусымында жұмыс істейді. Департамент тарапынна 13 орын шомылу орны қауіпті деп белгіленіп, бұл жерлерге арнайы ескерту тақтайшасы қойылған.
Қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, демалу мен шомылуға арналмаған орындарда ескерту белгілері орнатылып, сондай-ақ, балаларды жүзуге де үйретіліп жатыр.
– Сәуір айынан бастап судағы қауіпсізідікті сақтау үшін 160 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Полиция департаментімен бірлесіп өткізілген патрульдеудің нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 (жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу) бабы бойынша 6 тұлғаға ескерту берілді, 412-бабы бойынша (судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау) 5 тұлғаға, 440-баптары (спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу) бойынша 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді М.Келеқұлов.
Биыл департамент аудан әкімдіктерімен бірлесе балаларды, оның ішінде тұрмыстық жағдайы төмен отбасы балаларын суға шомылу орындарында жүзуді тегін үйрету бойынша аквасаябақтардың иелерімен 13 меморандум бекітіпті. Шомылу маусымында 800-ден аса балаға жүзуді тегін үйрету жоспарланып, қазірге дейін 100-де аса бала қатысыпты.
«Шымкент келбеті»