Егер ашығын айтсақ, біздер әлі күнге дейін сайлаудың қадір-қасиетін түсінген жоқпыз. Сайлауды (ол қандай сайлау болса да) мемлекеттің ақшасын шашатын халыққа пайдасы жоқ іс-шара деп қабылдайтынымыз жасырын емес.
Бұл ретте биліктің сайлауды әділ өткізбейтіні жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Бірақ бұдан не өзгереді? Ештеңе өзгермейді.
Бізге билік қалаған кандидатымыз бен партиямызға дауыс беру мүмкіндігін беріп отыр.
Халық осы мүмкіндікті пайдалануы керек. Сайлауға қатысуға, дауыс беруге, дауысты қорғауға баса мән беретін кез жетті. Сол кезде мерейміз үстем болады.
Кез келген сайлау халықтың саяси белсенділігін арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін оятады. Сондықтан өзін Тәуелсіз Қазақстанның азаматы сезінетін әрбір адам сайлауға белсенді түрде қатысуды өзінің азаматтық парызы санауы тиіс.
Қазақстанда Президенттің орнынан кетіп, елде үлкен саяси өзгерістер орын алатыны жайындағы әңгіменің шеті шыққанына бір-екі жылдың жүзі болды.
Міне, сол уақыттан бері билік халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, елдегі электораттық көңіл күйді жақсартуға негіз болатын бірнеше шараларды қабылдағанын білеміз.
Республикамыздың түкпір-түкпірінде азаматтардың толық дерлік сайлауға қатысуына барынша жағдайлар жасалды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы аталған маңызды саяси науқанда анық көрінді деуге негіз бар. Елімізде, оның ішінде, Шымкент қаласында сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Себебі елінің ертеңіне алаңдап, кемел келешегі үшін уайымдайтын әрбір азамат дауыс беру арқылы Қазақстанның алдағы жеті жылдық тарихының іргесін қалап жатқанын анық білетін еді. Айрықша айта кетерлігі, бұл жолғы сайлауға тыңғылықты дайындық жасалғаны көрініп-ақ тұрды. Кей сайлау учаскелерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Он сегіз жасқа енді ғана толған жастар туған күнін дауыс беруден бастаса, жаңадан отау тігіп жатқан жас жұбайлар шаңырағының шаттығы Отанының кемел келешегімен байланысты екенін терең түсініп, сайлау учаскелеріне ат басын бұрды. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз да, ақ халатты жанына серік еткен дәрігер де, шығармаларымен дүйім жұртты тамсандырған зиялы қауым да, талантымен талай биікке шыққан ұлтымыздың мақтаныштары да маңызы зор саяси науқаннан шет қалған жоқ.
Осының өзі берекелі бүгініміздің алтын діңгегі ынтымақ пен ұлтқа деген жанашырлықта жатқанын дәлелдей түскен тәрізді.
Енді міне сайлаудың нәтижесі бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп отыр. Алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның буыны бекіп, аяқтан тік тұрады деп сенемін. Мен ғана емес, күллі қазақ үкілеген үмітін артып отыр. Десе де дамудың даңғыл жолына түсіп, кемел келешекті құруда бір ғана адамның немесе басшының еңбегі аздық етеді. Мемлекет ұлт ұйысқанда ғана мықты. Халқының бірлігі мықты болғанда ғана қуатты. Сондықтан Қазақстанның дамуы үшін ел болып еңбек етуіміз тиіс. Бойдағы қажыр-қайрат пен күш-қуатты қоғамның гүлденуіне жұмсаумен ғана мемлекетіміздің мерейін үстем етеміз. Осы орайда, Әділетті Қазақстанның салтанат құруы үшін барымды салатынымды айтқым келеді. Бұл – менің перзенттік борышым! Елімізді бірге нығайтып, ынтымақпен Қазақстанымызды көркейте берейік!
Талғат БАЛТАБАЕВ,
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты