Шымкентке арнайы іссапармен келіп, қала әкімін тағайындау жиналысына қатысқан ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке бірқатар міндеттер жүктеді. Үкімет басшысы қаладағы өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту ісінің нәтижелерін оң бағалап, Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы болуы тиіс екенін ескертті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпалы зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін, жалпы құны 358 млрд. теңгені құрайтын 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Үкімет басшысы Шымкент қаласының экономикасы одан әрі орнықты дамуы үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілуі тиіс екенін айтты.
–Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Шымкент қаласында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігіне тоқталып, жаңадан тағайындалған қала әкімі мен барлық мемлекеттік органдардың жұмысына табыс тіледі.