Шымкентте жалға алынған пәтерді субсидиялауға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы тексерілуде. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы жүргізген мониторингке сәйкес, 256 азаматпен жасалынған келісімшарт тоқтатылды. Биылғы жылдың тамыз айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында көппәтерлі 15 тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын модернизациялау бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көп қабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтеді. Көп қабатты тұрғын үйлерді кұрделі жөндеу ҚР Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолданылады.
Тұрғын үй қорын модернизация бағдарламасының мақсаты – Шымкент қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасау.
Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру ережесі» туралы бұйрықта көрсетілгендей аталған бағдарламаға белгіленген топтар ғана қатыса алады. Олар: І, ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар.
Бұйрық күшіне енген сәттен бастап Шымкентте 1 769 азаматқа субсидия берілген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі