Жыл басында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев былтыр 208 жайлы мектептің құрылысы басталғанын мәлімдеген болатын. Оның 98-ін оқу жылы басталғанға дейін, қалған 110 нысанды 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделгенін алға тартты.
Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша барлығы 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп ашу жоспарланып отырғанын сүйіншіледі. Алайда жуырда жайлы мектептер жайлы жайсыз ақпарат шығып, қазақстандықтар жағасын ұстап отыр. Сол баяғы – сыбайлас жемқорлықтың әңгімесі.
Министрдің айтуынша, жайлы мектептер салу тетіктері үш әдіспен жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі мектептердің құрылысы «Samruk-Kazyna Сonstruction» бірыңғай операторы арқылы жүргізіледі. Екіншісі, әкімдіктердің дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алуы арқылы, үшіншісі – мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында.
Белгілі болғандай, «Samruk-Kazyna Сonstruction» қоры жобаны жүзеге асыру үшін 2,3 трлн теңге бөлген. Аз ақша емес, әрине. Десе де, жобаны жүзеге асыруға міндеттелген компаниялар «баяғы әдетінше» қалтасын артық қаражатқа толтыруға көшкен сияқты.
Мәселен, жобаның электр құрал-жабдықтарын реттеуге жауапты бір компания түріктердің «TEKLED» компаниясынан тауарды прайс-листте көрсетілген бағадан 30 пайыздан астам қымбатқа сатып алған. Қолда бар есеп-шотқа үңілсек, құжатта 12 млн 422 мың 483 теңге деп көрсетілген. Ал, нақты прайс бойынша құны — 8 млн 760 мың 197 теңге екен! Сонда 3,5 млн теңге айырмашылық бар деген сөз.
Қоғам белсенділері түріктердің «TEKLED» компаниясы не біздің жемқор компаниялармен ауыз жаласқан немесе үстеме баға қосып, қымбатшылықты қолдан жасап жатыр деген пікірде.
«Меніңше, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асуын қадағалайтын өте бір жайсыз мекеме қажет! Оның үстіне, түріктердің мына компаниясы жан-жақтан тексерілуі керек! Бұл көзге түсіп қалған электр құрал-жабдықтарындағы былық қана. Ал құрылыс материалдары, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін. Егер, «Жайлы мектеп» ертеңге салынған басты инвестициямыз екені рас болса, жобаның жүзеге асу барысын қоғам болып қадағалауымыз қажет!», — дейді белгілі журналист Тоқтар Жақаш.
Әзірге құзырлы органдар бұл мәселе туралы ауыз ашпай отыр. Тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатқан да болар. Алдағы уақытта ресми ақпарат та шығып қалар…
SMARTNEWS парақшасынан