Республика күні қарсаңында Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, және Өтеміс тұрғын алаптарында төрт жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды.
Жергілікті тұрғындардың өтініштерін ескерген қала әкімі нысандар құрылысын қолға алуды тапсырған болатын.
Мегаполис басшысы жаңа нысандардың ашылуына қатысып, маңыздылығына тоқтала отырып, тұрғындарды алдағы мереке-Республика күнімен құттықтады.
— Мәдениет үйлері түрлі іс шаралар ұйымдастыратын, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналады.Мәдениет саласы — басым бағыттардың бірі. Мемлекет жаңа шығармашылық алаңдар құруды және дарынды жастарды қолдау жұмыстарын жалғастырады, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, мегаполис басшысы тұрғындарды оқуға, өнерге, спортқа және салауатты өмір салтын ұстануына, балаларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлуге шақырды.
— Балалардың гаджеттерге жұмсайтын уақытын шектеу және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау өте маңызды. Олармен бірге кітап оқып, пікір бөліскеніміз — болашағымыз үшін игі қадам — деді ол.
Осыған орай, Республика күніне Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және мектеп оқушылары патриоттық рухты жандандыратын, «Қыран елім – Қазақстан» атты патриоттық флешмоб өткізді. Бұл іс-шараға Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 300 оқушысы қатысып, рухты әндер шырқалып, домбыраның күмбірлеген күйі шертілді.
Мерекелік шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. «Қыран елім – Қазақстан» флешмобы да солардың бірі. Акцияны қолдау мақсатында жастар арнайы бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялау арқылы отансүйгіштік рухты арттыруды көздеп отыр. Бұл шара елдің болашағы – жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру, елге деген сүйіспеншілікті ояту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Осындай патриоттық іс-шаралар алдағы уақытта да жиі өткізіліп, жас ұрпақты Атажұрттың ар-намысын жоғары ұстайтын азаматтар етіп тәрбиелеу мақсатын жалғастыра бермек.