Биылғы жылдың 10 айында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12%-ды құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Мегаполис басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы баяндады.
«Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek (CCI)» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Олардың қатарында:
«Жұлдыз» индустриялық аймағы, мұнда құны шамамен 166 млрд теңге болатын 46 ірі заманауи кәсіпорын шоғырланады;
«Бозарық» азық-түлік өнеркәсібі индустриялық аймағы, мұнда құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартады. Шымкент қаласының экономиканың динамикалық өсімімен қаланың қазынасы да артып келеді. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі