12.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

Түркістан NIS-те «Наурыз кездесулері – 2022» шарасы өтті

Наурыз кездесулері – Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін айтулы оқиға, биыл олар дәстүрлі форматқа орала бастады. Биылғы жылы NIS жүйесіндегі көктемгі дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы қазіргі заманның ең өзекті басымдықтарының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналып, алғаш рет жаңа NIS-те көне Түркістан қаласында өткізілді.
Жыл сайын наурыз айында NIS-те жас ғалымдар мен өнертапқыштар жасанды интеллект, цифрлы технологиялар және әлемдік ғылымның соңғы тенденциялары халықтық дәстүрлер мен ұлттық мәдениетпен қолдау табатын бірегей жобаларды ұсынады.
Мәселен, Тараз қаласындағы NIS оқушысы Камилла Машанло әзірлеген COVID-19 клиникалық симптомдарды бақылау жүйесі Жамбыл облысындағы ең үздік стартап атанып, облыстық көпсалалы ауруханаға қолданысқа берілді. Оралдық Алмас Сапаровтың авторлығымен дайындалған ChestXRayAl қосымшасы рентген арқылы пневмония ауруын анықтауға мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушысы Аяулым Беркінбаева Наурыз кездесулеріне жасанды интеллект негізінде жасақталған FENIX биометриялық протезін алып келді, Аяулымның бұл жобасы авторлық құқық алып үлгерді. Астаналық халықаралық бакалавриат мектеп оқушысы Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов зағип жандардың жазу қабілетін арттыратын «JAZGYSH» инновациялық құрылғысын таныстырды. Қарағанды мектебінің жас ғалымы Ұлан Мұстафиннің интерактивті ойындар түріндегі «STROKE REC AR» бағдарламасы науқастарды инсульттен кейін оңалтуға көмектеседі.
Наурыз кездесулерінің басты жобаларының бірі тұрмыстық жанжалдар кезінде шұғыл көмек көрсету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақтөбелік жас өнертапқыш Аян Қайырбектің «UMAI ASAR» мобильді қосымшасы болды.
Экологиялық жобалардың үлкен сериясы дайындалды, оның ішінде істен шыққан техникалар бойынша «Екінші өмір» жобасы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды ақылды жинауға, атмосфераны және жалпы табиғатты сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған роботтар мен роботтық жүйелер бар.
Сондай-ақ Наурыз кездесулері аясында ІТ аймағында Түркістан облысындағы жалпы білім беретін мектептердің информатика пәні мұғалімдеріне дизайн және 3D модельдеу бойынша арнайы курс дайындалды. NIS-тің Наурыз кездесулеріне оңтүстік өңірінен барлығы 150-ге жуық мұғалім, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 300-ге жуық оқушы келді.
Наурыз кездесулерінің негізгі оқиғалары ретінде бағдарламанған оқу-жаттығу дрондарының ұшуы, «Ең сейсмикалық төзімді құрылым» командалық ойыны, сондай-ақ жас өнертапқыштар құрастырған автокөліктер шыққан «NIS Intell Race» автожарыстарын атауға болады.
Әрбір Наурыз кездесулерінің мәдени бағдарламасында міндетті түрде тарихи көрікті жерлерге экскурсиялар кіреді. Түркістан облысында мектеп оқушылары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, сонымен қатар Арыстан баб пен Отырар төбеге және көне Түркістанның жаңа нысандары – «Ұлы Дала мұражайы» және Керуен сарайында болды.

Ұқсас ақпараттар

БИЫЛ СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ 9 ЖАРЫМ МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫҒА АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

smarttop

ШЫМКЕНТ: ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН 13 ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

smarttop

Пікір қалдыру