Балалар жәрдемақысы келесі айда түсу үшін өтінішті үстіміздегі айдың 20-на дейін тапсыру керек. Мәселен, сіз сәуір айының 20-на дейін тапсырсаңыз жәрдемақыны мамыр айында аласыз. Ал өтінішіңізді сәуір айының 20-нан кейін өткізсеңіз, әлеуметтік төлемдер мамыр айының бюджетіне бекітіліп үлгермейді, сондықтан жәрдемақы қолыңызға маусым айында тиеді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қалалық филиалы хабарлады.
Жәрдемақыны үш жолмен ресімдеуге болады:
— ХҚО-ға жүгіну және тиісті құжаттарды тапсыру;
— Egov.kz порталы арқылы өтініш беру;
— Kaspi.kz, Halyk HomeBank банк қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
2021 жылы мемлекеттік корпорация әлеуметтік саладағы кейбір мемлекеттік қызметтерді алу үшін экстерриториалдық қағидатын енгізді. Енді жас аналар баланың тууы және оның күтімі бойынша жәрдемақысын тұрғылықты жеріне қарамастан, елдің кез-келген ХҚО-сында рәсімдей алады. Қызмет тегін көрсетіледі және бала туғаннан кейін бір жыл ішінде өтініш білдіруге болады. Толығырақ ақпаратты 1414 нөмірі арқылы білуге болады.
Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айынан бастап филиал арқылы бала туу және оның күтімі бойынша 5 мыңнан астам жәрдемақы рәсімделді.
Сонымен қатар, ХҚО-ға келген балалы аналардың жайлылығы үшін Шымкент қаласының барлық бөлімдерінде Ана мен бала бөлмесі жұмыс жасайды.