Төлеби ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша «Ватсап» әлеуметтік желісі арқылы белгісіз азаматша ақша берсең, құмар ойыны арқылы көбейтіп беремін деп алдағанын көрсеткен. Яғни күдікті салған ақшаң еселеп қайтарылатын болады деп сендіріп, 100 000 теңге ақша алған. Алайда арадан біршама уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полицейлердің көмегіне жүгінді. Аталған дерек ҚК 190-бабы, яғни «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Полиция қызметкерлері осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде, алаяқ әйелдің Сайрам ауданының тұрғыны екені белгілі болды. Полицейлер күдікті ПБ-ға жеткізді. Тәртіп сақшылары алаяқ азаматшаның бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ жеке мәліметтерді, не болмаса ақшаны әлеуметтік желі арқылы ешкімге жібермеуге кеңес береді.