Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, «Кентау-Хантағы» тас жолы бойындағы жанармай құю бекетіндегі терезелерге орнатылған темір қоршаулар мен темір есіктерін белгісіз біреудің жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 400 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабар алысымен тәртіп сақшылары оқиға орнына тез арада жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу үшін, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде осы қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы бар Кентау қаласының тұрғыны ұсталды.
Белгілі болғандай күдікті ер адам аталған жанармай құю бекетіне жақын маңда орналасқан өзге жанармай бекетінің жұмысшысы болып шықты. Ұсталған азамат мұндай әрекетке ақша керек болып барғанын айтты. Ғимараттың қараусыз тұрғанын аңғарып жүрген ол, түнгі уақытта терезе сыртындағы 4 дана темір қоршау мен 4 дана темір есігін қолымен бұзып, жымқырып кеткен. Ал ертесіне қолды қылған заттарын темір қабылдайтын орынға алып барып өткізіп жіберген. Күдікті бұрын сотты болған. Қазіргі таңда оған қатысты «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.