NIS-те биылғы оқу жылы айтулы және көптен күткен оқиға – домбыра сабағымен аяқталды, оны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр. Қазақ халқының басты музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы ойнады.
Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.
– Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады, – деп мойындады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Ел астанасындағы физика-математика бағытындағы NIS-те домбыра бойынша элективті курстар 2016 жылы енгізілді. Айтжан Тоқтағановтың жетекшілігімен құрылған мектепішілік «Жігер» ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, «Sun of Italy» итальяндық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері, АҚШ-тың атақты Гарвард пен Бостон университеттері және Массачусетс технологиялық институты сахналарында өнер көрсетті.
– Домбыра – әрбір қазақ үшін қасиетті аспап, ал біздің сабағымызды Гиннесс рекордтар кітабына енгізу – бұл домбыраны бүкіл әлемге паш ету, – деп атап өтті Айтжан Тоқтаған.
Guinness World Records-қа (GWR) өтінім 2021 жылдың желтоқсан айында берілді. Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылап, бейнежазба аймағынан шыққан немесе қажетті әрекетті орындамаған топтағы кез-келген қатысушыны дисквалификациялау жұмысына жауапты болды. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен Кітаптың барлық критерийлерінің толық сақталуын қамтамасыз етті.
Guinness World Records ережелеріне сәйкес ауқымды сабақ басталар алдында барлық қатысушы екі тіркеу пунктінен өтті: біріншісі – жеке бейдждерін сканерлеп, «Кандидат-маркер» бағдарламасы арқылы аймаққа кірді, екіншісі – кезекші қатысушылардың механикалық есебін жүргізді.
– Мен Зияткерлік мектепке түскеннен кейін домбыра тартуды үйрендім. Ал қашықтан білім алып жүрген кезде бейнесабақтар арқылы меңгере бастадым. Бүгін біз үшін ерекше күн. Әрине, қобалжу болды, алайда Гиннесс кітабына күй орындағанымызға қуаныштымыз және бұл рекордты домбыраға арнаймыз, – деп 9-сынып оқушысы Ерасыл Айбекұлы өз әсерімен бөлісті.
Бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындауы әлемдегі тұңғыш оқиға. Қазақстандық рекорд аса көрнекті жетістіктер мен бірегей құбылыстар туралы жаһандық анықтамалыққа енгізіледі деп жоспарлануда.
Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар, барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді, домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.
Шымкент қаласындағы физика-математика NIS мектебінде де 70 оқушы домбыра сабағын өткізді. Олар Нұрғиса Тілендиевтің «Әлкисса», халықтың «Келіншек», Ә. Желдібаевтың «Ерке сылкым», Құрманғазының «Ақсақ киік» күйлерін орындады.
Сабақ қонағы ретінде шақырылған мектептің 12 сынып оқушысы Рахымжан Оразғалидың әкесі Нұрғали Өтешовтер домбыра тартып, шер тарқасты.
Білім ордасына келгеннен домбыраға әуес болған биылғы түлек Рамазан Нәліпбек бүгін мектеп қабырғасындағы соңғы домбыра сабағына қатысты.
– Мен осы жылы мектепті тәмамдағалы тұрмын, өзім Ресейде білімімді жалғастырамын деген ойдамын. Ол жақта жүргенде домбыра менің серігім болып, еліме деген сағынышымды күйлер арқылы басамын деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Рамазан Нәліпбек.