Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат.
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Шымкент Кашемир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен кездесу барысында Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов осылай деді.
—Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын еліміздегі балалардың есепшотына аудару туралы бастама – сол саясаттың жарқын көріністерінің бірі. Бұл саясат әлеуметтік әділеттіліктің орнауына және қанағатшыл орта таптың үлкен шоғыры қалыптасуына әсер етеді, — дейді Қ.Қалықұлов.
– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев.
Кездесу барысында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев та Жолдау жайлы ойларын ортаға салып, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
«Шымкент келбеті»