Қала әкімі таяудағы аралауында шаһар аумағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың жұмыс барысын да тексерді.
Абай ауданына қарасты Батыс шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекен 2021 жылғы жұмыстар нәтижесінде толық ауыз сумен қамтылған.
«2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады», — деді басқарма өкілдері.
Қазіргі уақытта тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында мердігер мекеме тарапынан біршама жұмыстар атқарылуда. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес жалпы жұмыс көлемінің 55 %-ы аяқталған. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Елді мекенде жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын газ құбыры тартылып, табиғи газбен қамту жұмыстары 100 %-ға аяқталған. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің газ тарту дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілуде,-деді басқарма басшысы Б.Булатбеков.Шаһар басшысы сала мамандарына жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Жуырда Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбыры жеткізілді. Жауапты мамандардың мәліметінше, шаһарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоспар бойынша 2023 жылы қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілсе, 2024-2025 жылдары газ және электр қуатымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайыз болады.
– Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбырын жеткізу жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінге дейін 16,1 шақырым газ құбыры тартылып, жоспар толығымен орындалды. Қазіргі уақытта магистралды құбырға газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды, – деді басқарма басшысы Боранбай Болатбеков.