Шымкентте Абай, Еңбекші, Әл-Фараби аудандары бойынша су басқан бірнеше көшелерде су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Жауын-шашынның салдарынан және жер асты сулары көтеріліп, жоғарыда айтылған мекенжайларды су басу қауіпі анықталған. Осыған байланысты шаһар басшысы Мұрат Әйтенов аталған аймақтарға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылап шықты.
Қала әкімі аудан басшыларына жағдайды үнемі бақылауда ұстап, аталған нүктелерде су тарту жұмыстарын дер кезінде жүргізіп отыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта мердігер мекемелер мен сала мамандары тарапынан тиісті жұмыстар үздіксіз атқарылуда. Атап айтқанда, су тарту жұмыстарына Абай ауданы бойынша 15 техника, 3 мотопомпа, 30 жұмысшы, Әл-Фараби ауданы бойынша 9 техника, 5 мотопомпа, 25 жұмысшы, Еңбекші ауданы бойынша 7 техника, 4 мотопомпа, 1 электронасос, 30 жұмысшы жұмылдырылып отыр.
Кезекшілікпен арнайы бригадалар қойылған. Тұрғын үйлерді су басу қауіпі жоқ.
Қаладағы жағдай шаһар басшысы мен тиісті сала мамандарының тікелей бақылауында.