Ресми мәліметтерге сенсек, шымкенттіктердің 93%-ы көгілдір отынмен қамтылған.
Жыл соңына дейін Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран (2 кезек) елді мекендері табиғи газ жүйесіне қосылады. Сонда тағы 34 мыңнан астам тұрғын сапалы газға қол жеткізген болады.
Қазіргі кезде «ҚазТрансГазАймақ» Шымкент Өндірістік Филиалымен (ШӨФ) бірлесіп жұмыс жасалуда. Бұл туралы қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков Батыс елді мекені тұрғындарымен кездесуі барысында айтып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Еске сала кетейік, Батыс елдімекенінің тұрғындары көгілдір отынның берілмеуіне байланысты наразылықтарын білдірген болатын. Олар әкімдіктің таяу арада газ беріледі деген сөзіне сеніп, қысқы отын дайындамай, жиған-терген қаражаттарын газды үйге кіргізу үшін жұмсағандарын айтады. Булатбеков олардың талап арыздарын тыңдаған соң, мән-жайды түсіндіріп өтті.
“Барлық жұмысты 1 ай көлемінде немесе одан да тез мерзімде шешу үшін мүмкіндіктерді жан-жақты қарастырудамыз. Заң бәрімізге ортақ, құжаттарды рәсімдеу соған сәйкес жүргізіледі. Құрылыс барысында кеткен кемшіліктер ретке келтірілуде. Жыл соңында аяқталатын жұмыстар жоспарланған кестеге сай жүргенімен күн қараша айынан бастап суытады. Тұрғындарға көмір түсіру мәселесін жаздан бері айтып, түсіндіріп келеміз”,-деді басқарма басшысы.
Батыс елдімекені бойынша 49 шақырым газ құбыры тартылып, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді газға қосу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«ҚазТрансГазАймақ» ШӨФ абоненттеуді 10 күн аралығында бастайды. Қысқасы, батыстықтардың базынасы аз күнде өз шешімін табатын болады.
Басқа да елдімекендерді газбен қамту құрылысы рет-ретімен жүзеге асырылуда. Жалпы биыл 18 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Ақтас және Сәуле магистралының құрылысы да аяқталуға жақын.