Қала әкімі шалғай елдімекендердегі тұрғын үй құрылысына берілген жаңақұрылыс жер учаскелерін де ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын.
Осы мақсатта Еңбекші ауданына қарасты 6 тұрғын алапта, атап айтқанда “Қарабастау”, “Қаратөбе”, “Жұлдыз”, “Тоғыс”, “Жыланбұзған”, “Айнатас” елдімекендерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар 2023 жылға өтпелі түрде жасалады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1590 абонентті қамтитын ауыз су құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс барысында жаңадан құбырлар тартылып, құдықшалар орнатылуда.
Және де алдағы уақытта “Жұлдыз” тұрғын алабындағы 484 абонентті қамту жұмыстары жүргізілмек.
Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Ал, жаңақұрылыс аумағын ауыз сумен қамту жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Ал Еңбекші ауданына қарасты “Оңтүстік” елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылыс жұмыстары аяқталды.
Жобаға сәйкес сапалы электр қуатымен қамтылатын барлығы 933 үй болса, жобадан тыс жаңадан бой көтерген 20 үй бар.
Қазіргі уақытта электр тарату бекеттері мен трансформаторларға электр қуаты берілді. Құрылыс жұмысы барысында 18 электр трансформаторы, қуаттылығы 10 кВ құрайтын 1 электр тарату бекеті орнатылды. Сонымен қатар 28,5 шқ 10 кВ-тық және 52,2 шқ 0,4 кВ-тық электр желісі тартылды.
Ендігі кезекте «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Тағы бір жасалып жатқан жұмыстардың бірі – аялдамаларды жаңалау. Биыл Шымкенттегі ескі аялдамалардың 178-і жаңартылды. Оның ішінде Төлеметов, Ізгілік, Патеев, Желтоқсан, Исмайлов, Жібек жолы сияқты бірнеше көшелер мен Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары бойындағы аялдамалар бар. Барлығы жаңа типте салынған.
Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылған аялдамалар шыныдан жасалған. Қоғамдық көлікпен жүретін көпшілік үшін барлық жағдай оңтайландырылған.
Ал, қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қалаға іргелес жатқан елдімекендерге атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас пен Қарабастау тұрғын алаптарына орнатылуда.
Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы — сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.
Қазіргі таңда Шымкентте 1 886 аялдама орны бар болса, оның 1336-сы аялдама павильоны, қалғанына арнайы белгілер орнатылған.