Сұрақ: Прокурорлық ден қою актілеріне енгізілген өзгерістер туралы айта аласыз ба?
Жауап: Прокуратура актілері бойынша өзгерістер.
Наразылық бойынша: Прокурор наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне қарай оны қараудың өзге де мерзімін, бірақ үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзім белгілеуге құқылы (ескі редакцияда бұл мерзім күнтізбелік он күннен кем емес болып белгіленді).
Наразылықты қарау нәтижелері туралы прокурорға жазбаша нысанда дереу хабарланады.
Наразылық қаралғанға дейін оны келтірген не жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.
Ендігі кезекте:
Қаулылар бойынша: Заңның 37-бабына сәйкес, прокурор келесідей қаулылар шығара алады:
* жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;
* жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;
* күзетпен ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметтерінің есебіне алынған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;
* лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру туралы;
* сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;
* прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындау туралы.
Үндеу бойынша: Жаңа өзгерістерге сәйкес әскери және көлік прокуратуралары органдарының басшылары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Ескі редакцияда бұл құқық тек Бас Прокурор және оның орынбасарларына, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі болған.
Прокурорлардың қадағалау функцияларын күшейту мақсатында «заңды түсіндіру» прокурорлық қадағалау актісі «заң бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру» деп ауыстырылды.
Шымкент қаласы прокурорының орынбасары
Марат Ержан Маратұлы