Бүгін Шымкент қаласы Тұран шағынауданында «GraMad» сауда желісінің кезекті супермаркеті ашылды. Бұл аталған компанияның қаладағы 18-ші сауда нүктесі.
—Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қор азық-түлік тауарларын өндірушілер мен ірі сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие береді. Өз кезегінде сауда желілері әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларын келісімшарт негізінде белгіленген баға бойынша сатады. Міне, осындай келісімшартпен жұмыс істеп жатқан компаниялардың бірі — «GraMad» сауда желісі. Бүгін тұрғындар саны жедел көбейіп келе жатқан Тұран шағынауданында кезекті, 18-ші сауда нүктесі ашылды. Компания жыл соңына дейін тағы да осындай 4 супермаркет ашуды жоспарлап отыр, — дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың балаларына басқарма ұсынған тізім бойынша беріледі. Басты мақсат – тауарларды төмен бағамен сатып алуға және қаламыздың көпбалалы отбасыларына, шағын және орта бизнес үшін де қол жетімді болуына жағдай жасау. Айта кетерлігі, кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар денсаулық сақтау министрлігінің негізінде қалыптастырылды. Жиынтықтарға әртүрлі жарма, картоп пюресі, сүт және т.б. өнімдер кіреді. Барлық азық-түлік сертификатталған. Аз қамтылған отбасының әрбір баласына арналған гигиеналық құралдар жиынтығы тоқсанына (3 ай) бір рет ұсынылады. Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы алу шарасын жеңілдету мақсатында арнайы @aspgramadbot телеграм-бот жұмыс жасайды. Бот арқылы азық-түлік беру пунктерінің мекен-жайларын және күні мен уақытын білуге болады. Ол үшін баланың ЖСН нөмірін енгізу қажет.
Сауда орталығында әлеуметтік маңызға ие тауарлар белгіленген, яғни, арзандатылған баға бойынша сатылып жатыр. Мәселен, 1 келі күрішті — 290 теңгеге , шекерді – 460 теңгеге, бірінші сұрыпты ұнды – 170 теңгеге, пиязды — 100 теңгеге, ал, картопты 90 теңгеге алуға болады.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік ҚОСАЕВ.