Шымкент қаласында мәдениет мекемелерін қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Абай ауданындағы Көкбұлақ елді мекені тұрғындары мәдениет үйінің тозығы жеткенін, оны қайта жаңғырту мәселесін көтерген болатын. Қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуде мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша зерделеуді тапсырған еді.
1988 жылы салынған ғимарат 2012 жылы ағымдағы жөндеуден өткен. Жалпы алаңы – 212,1 шаршы метр. 2017 жылы «Оңтүстік Аймақ Сараптама» ЖШС сараптамасының қорытындысымен ғимарат жарамсыз деп танылған.
Таяуда тозығы жеткен ғимаратты бұзып және қайта салу үшін ЖСҚ дайындауға қаржы қаралды. Мердігер «Диас-проект» ЖШС ЖСҚ құжаттарын әзірлеуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр. Жалпы шаһарда әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту, қайта құру жұмыстары кезең-кезең бойынша атқарылуда.
Сонымен қатар, қосып айтсақ Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов “Көкбұлаққа” арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. “Бүгін 1 балабақша мен құжаты дайын үйлерге газ қостық. Енді көмір тасып әуреленбей, барлығыңыз дерлік көгілдір отынды кіргізіп алыңыздар”, — деді әкім. Бұл сөзді құптаған халық жылдамдатып әрекетке көшетіндерін жеткізіп, қыс басталмай газбен қамтылғандарына алғыс білдірді. Елді мекенді табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 1 6,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бекітілген жоспар мерзімінде іске асып, 100%-ға орындалды. Қазіргі уақытта магистралды газ құбырына газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды. Құжаттары дайын үйлерге рет-ретімен көгілдір отын кіргізілмек. Еске сала кетейік, қазіргі таңда мегаполис тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін, “Тұран”, “Ақтас-1”, “Ақтас-2”, “Нұртас”, “Батыс”, “Сәуле-276” орам, “Ақжар”, “Арғымақ” елді мекендеріне табиғи газ тартылып, көрсеткіш 94,7%-ға жетеді. Осының нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады.