Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшысы Элина Базарова 54 келіде әлемдік сайыстың жеңімпазы атанған болатын. Сондай-ақ, эстетикалық топтық гимнастикадан Грацта (Австрия) өткен Әлем чемпионатында шымкенттік «Кармелиты» командасы 3-ші орынды иеленді.Бұл бірінші кезекте спортшылардың дамудың қозғаушы күші – спорттың алға басуы мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Яғни еліміздің бәсекеқабілеттілігін көтеруде жоғары мектепке жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік салмақты.
Бүгін қос сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласының әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, спорт мектебінің басшылары жеңімпаздарды құттықтап, құрмет көрсетті.
— Испаниядан және Австриядан жеңімпаз және жүлдегер болып оралған спортшылар қала тұрғындарын қуантып жатыр. Осындай жеңісті сәттер жастарды жігерлендіреді. Осы жеңістер алдағы үлкен додаларға жол ашсын. Шымкент қаласының спортшыларынан алдағы жарыстардан зор үміт күтеміз, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Э.Базарова әлем чемпионатында төрт кездесу өткізіп, бәрін де айқын басымдықпен жеңді. Финалда германиялық Куцохристоу Крисовалантудан басым түсті. Қазақ елінің боксшылары 7 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Ал эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында Элина Кан, Саида Патшахан, Аида Жақсыбек, Сәния Тұрдыбай, Сабина Елубаева сынды жерлестеріміз өнер көрсетті.
«Шымкент келбеті»