Шымкент қаласында құрылыс және инфрақұрылым салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Құрылыс басқармасы соңғы алты жылда (2018-2023 жж.) жалпы құны 154 млрд теңгені құрайтын 193 көпқабатты тұрғын үй салып, осы жобалар бойынша мердігерлерге бес жылдық кепілдік мерзімін бекіткен.
Алайда мониторинг нәтижесінде өңірлерде құрылыс жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімдерінің әртүрлі екені анықталды – 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Осыған байланысты Департаменттің ұсынысымен құрылыс және жол салаларындағы кепілдік мерзімін ұлғайту бойынша шешім қабылданды. Енді мемлекеттік сатып алу шарттарында кепілдік мерзімі 84 айға, яғни 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған.
Департамент жүргізген талдау барысында Қонаев даңғылының жалғасын салу бойынша жобаның құнын арттыру тәуекелі анықталған болатын. Әкімдікке ескерту хаты жіберілгеннен кейін, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде 3,2 млрд теңге көлемінде артық шығындардың алды алынып, қаражат үнемделген.
Бағаны көтеру тәуекелдеріне жол бермеу үшін Департамент мемлекеттік сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Тек биылдың өзінде бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген. Мұндай бақылау шаралары мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына және құрылыс саласындағы заңсыз әрекеттердің азаюына ықпал етуде.
Сонымен қатар, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа 34 ұсыным енгізіліп, бюджетке 13,3 млн теңге қайтарылды.
Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін енгізілген 34 ұсынымның 19-ы қазіргі уақытта ішінара орындалуда. Ауыр атлетика, жекпе-жек және басқа спорт түрлері ұйымдарының 19 жаттықтырушысы мен 13 әдіскерінің жалған құжаттар негізінде алған «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы» және «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» атақтарының күші жойылды.
Негізсіз үстемеақылар үшін бюджетке 1,9 млн теңге қайтарылды.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі