Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумы өтті. Ауқымды шарада еліміздің оңтүстік өңірлерінің — Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына инвестициялық түсімді арттыру, экономикалық тұрғыда дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды
— Бұл форумның басты ерекшелігі — оңтүстік өңірдегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының бірлесіп, алғаш рет өңіраралық инвестициялық форум ұйымдастыруында. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы 4 өңірдің кәсіпкерлерінің басын қосып, атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқылап отырмыз. Яғни, Шымкент қаласының ғана емес, Оңтүстік өңірдің мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделген. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдіріп отыр. Форумда жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Оның ішіндегі ең ірі жобалар ретінде үндістандық «Medanta» компаниясының қаржыландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақ үйін айта аламыз. Одан өзге бірнеше өндірістік жобалар да бар, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.