Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларды қолдау мақсатында көрсетіледі. Бұл жәрдемді былтыр 1 тоқсанда қалада 11 988 отбасы алған болатын. Отбасылық табыстың артуы, тұрғындардың жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуы және жеке кәсіптерін ашуына байланысты биыл көмек алушылар 21,3 пайызға төмендеп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр адамға қатысты жеке есептейді. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни 25 212 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне 1000 теңге немесе 20 теңге, тіпті 1 теңге атаулы әлееуметтік көмек тиесілі болуы мүмкін. 6-жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама биылдан бастап монетизацияланды.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 1-6 жас аралығындағы балаларға не тиесілі Мұндай балаларға ай сайын азық-түлік және гигиеналық заттар жинағы беріледі. Онымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдары қамтамасыз етуге тиіс. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: жеміс және (немесе) көкөніс гипоаллергенді езбесі – кемінде 1200 грамм; балаларға арналған гипоаллергенді сәбилер ботқасы – кемінде 320 грамм; қаптамадағы жүгері жармасы – кемінде 400 грамм; қаптамадағы сұлы қауыздары – кемінде 800 грамм; балаларға арналған печенье – кемінде 180 грамм; пастерленген немесе ультрапастерленген сүт – кемінде екі литр. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: пастерленген сүт – кемінде екі литр; қатты бидайдан дайындалған макарон, сұлы қауыздары, арпа жармасы, шағылған асбұршақ – барлығы кемінде 800 грамм; ұнтақ жармасы – кемінде 700 грамм; қарақұмық немесе күріш жармасы – кемінде 1,6 кг; күнбағыс майы – кемінде 0,8 литр; гематоген – кемінде 240 грамм; құрамында бүтін астық дақылдар бар таңғы асқа арналған сүтке қосатын тағам – кемінде 250 грамм; балаларға арналған печенье – кемінде 400 грамм; таза бал – кемінде 200 грамм. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия құралдарының ай сайынғы жинағына тіс пастасы, тіс щеткасы, гипоаллергенді сабын, сусабын, жақпамай, кір сабын және кір жуғыш ұнтақ кіреді. Әр бүлдіршінге ақшалай 5 175 теңге төленеді. Биыл 2-тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70-пайызы, яғни 31 908 теңге кедейшілік шегі деп белгіленген. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі