0.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШАПЫРАШТЫ КАНАЛЫНА СУ КЕЛДІ

Бұл – Шымкент қаласы Шапырашты тұрғын алабының шаруалары үшін қуанышты жаңалық. Елді мекендегі каналдың ауқымды бөлігінің құрылысы аяқталып, су келе бастады. Өткен жылдың маусым айында басталған күрделі жөндеудің нәтижесінде су арнасы терең қазылып, айналасы бетондалған.
Ел игілігіне берілген канал 500 гектар суармалы жерді суаруға қауқарлы. Шіліңгір шілдеде диқандар судан тапшылық көрмеуі үшін арнаның белгілі бір бөлігі ғана іске қосылып отыр. Су арнасына күрделі жөндеу жасаған «Шах құрылыс» компаниясының Шымкент қаласы бойынша филиалы директоры Сәтсан Сәрсенбиевтің айтуынша, жобаны толықтай пайдалануға беру мерзімі тамыз айына жоспарланған.
– Бұрынғы су арнасының өткізгіштік қабілеті шаруалардың егіс алқабына жетпейтін. Жаңадан қазылып, бетондалған каналдың ұзындығы 6,8 шақырым, тереңдігі 1,5 метр, ені 3 метрді құрайды. Өткізгіш қабілеті де ұлғайып, 1,5-2 текше метрге жетті. Қазіргі бөлігі, яғни 5,3 шақырым аумағы 500 гектар жерді суарса, қалған 1,5 шақырымы пайдалануға берілгенде су жеткізу қуаты 800 гектарға жетеді. Құрылыстың жобалық құны үшін 452,7 млн теңге бөлініп, оның 220 млн теңгесі 2022 жылы игерілді. Қалған бөлігі биылғы жұмыстарға арналған. Қазір каналдың соңғы аумағында құрылыс жалғасып жатыр. Тамыздың соңына дейін жобаны өз мерзімінде пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – дейді мердігер мекеменің басшысы.
Шапырашы каналын күрделі жөнделуі «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілген екен. Партия өкілдері тұрғын алабты аралап, халықтың ұсынысын тыңдаған сәтте шаруалар су мәселесін жеткізген. Сайлаушылардың талап-тілегін орындау партиялық бақылауға да алыныпты. Каналдың іске қосылуына Бахадыр Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары да куә болды.
–Сайлау науқаны кезінде тұрғын алап халқы каналдың мәселесін көтерген болатын. Тұрғындардың ұсынысын зерттеу барысында анықталғандай, жердің көлеміне беріліп жатқан су жеткілікті болуы керек. Алайда, су арнасы таяздалып, айналасын қалың шөп басып, одан қалса 1 текше метр су егіс алқабына дейін жерге сіңіп кетуінен тапшылық орын алған екен. Партия тарапынан шаруалардың талап-тілегін бір жыл ішінде шешілуі үшін тиісті басқармаға ұсынып беріп, оның орындалуын бақылауға алдық. Биыл диқандар осы су арнасына сеніп, егін егіпті. Арнадан аққан суды көріп, қуанып отыр. Біз әрқашан халықтың ұсынсын жүзеге асыру жолында алтын көпір болуға дайынбыз, – деді «Amanat» партиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы төрағасы Б. Нарымбетов.
«Шымкент келбеті»

Ұқсас ақпараттар

ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ 32 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ

smarttop

БОЗАРЫҚ САЯЖАЙЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТОЛЫҚ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

smarttop

Пікір қалдыру