Шымкенттегі балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері ауыр дене жарақатын алған 9 жасар балаға бір мезетте бірнеше күрделі ота жасады. Ат тепкен баланың жоғары жақ — бет және көз сүйектері ауыр жарақаттанып, бұғанасы сынып кеткен.
Бірінші кезекте операцияны аурухананың жақ – бет хирургы Н.Урдабаев, анестезиолог дәрігер Б. Алменов, облыстық балалар ауруханасының жақ – бет хирургы А. Тұяқбаев және облыстық клиникалық ауруханасының жақ – бет хирургы Е. Турабеков жасап шықты.
Мұнан кейін қалалық балалар клиникалық ауруханасының травматология ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог дәрігері Б. Турдыкулов баланың сынған бұғанасына ота жасады. Қатарынан жасалған күрделі операциялар сәтті өтіп, бүгінде баланың жалпы жағдайы жақсы. Пациент қазір отоларингология және жақ – бет хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр.