Бүгін Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінде халық денсаулығын жақсартуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев жергілікті тұрғындарды медициналық ұйымдарға тіркеу, инфекциялық ауруларды алдын алу мен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу жұмыстарын баяндады. Қала әкімі тиісті басқарма басшысына емханаларға тіркелуді талаптарға сай реттеп, заңсыздықтарға жол бермеу қажеттігін ескертті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оларға қадам жасап, тіркелген адам санына қарай қаражат бөлеміз. Сондықтан жағдайыңызға қарай қандай емханаға тіркелсеңіз де, өз еркіңізде, бірақ территория бойынша таңдау қағидасын ұстануыңыз керек. Себебі бізде медициналық қызметті үйге барып көрсету түрі бар. Яғни бес жасқа дейінгі бала ауырып қалса, аяғы ауыр әйел болса дәрігер үйге өзі барады. Егер өзіңіз басқа ауданда тұрып, басқа ауданда тіркелген емхананың дәрігерін үйіңізге шақырсаңыз, дәрігер жұмысын қиындатасыз», — дейді ол.
Барлық өрістер толтырылғаннан кейін пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлық манипуляциялар дұрыс жасалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді. Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылай алуы үшін тұрғылықты жеріне тікелей жақын емхананы таңдау ұсынылады. Сондай-ақ тіркелу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі.
Аппарат отырысында қала тазалығын сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар да пысықталды. Бұл ретте сала басшыларына аудандардағы тазалық шараларын жоспарға сай ұйымдастыру ескертілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі