16.3 C
Шымкент
Пятница, 20 сентября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТ: ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өтуде. 14-18 сәуір аралығына жоспарланған құрлық чемпионатында 14 мемлекеттен (Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан) келген, жалпы 64 спортшы бақ сынайды.
Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өтті. Ежелде жамбы атудың бірнеше түрлері болған. Солардың ішінде көп тараған түрі тай-тұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда, жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3–4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді.
— Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласына қош келдіңіздер, — деді қала әкімінің орынбасары.
Спортшылар 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стильдері) бойынша жарысқа түседі. 15 сәуір мажар стилі, 16 сәуір азия стилі, 17 сәуір түркі стилі, 18 сәуір жамбы стилі бойынша сайыстар өтеді. 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.
Айта кетсек, Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.
«Шымкент келбеті»

Ұқсас ақпараттар

«Линда» атты қызметтік ит шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады

smarttop

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ОРНАТЫЛУДА

smarttop

ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒИМАРАТЫ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛДІ

smarttop

Пікір қалдыру