Шымкент қаласында жылу құбырларының жалпы ұзындығы 838,6 шақырым, ал тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Жалпы мегаполисті 23 қазандық пен 17 сорғы стансасы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтардың орташа тозуы 30,5%, сорғы станцияларының тозуы 41%.
Өткен жылы 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар Нұрсәт нысанында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді.
Нәтижесінде 2076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекеменің тұрғындары тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін тазалау, ішкі жылу жүйелеріндегі тозығы жеткен тік бағаналарын ауыстыруды ұйымдастыру бойынша тапсырмалар жүктеді. Қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынып, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Айта кетейік, 2022 жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Өткен жылдың қорытындысымен қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар. Ал, инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құраған болатын.
Ал биыл қала әкімінің тапсырмасы бойынша 30 шақырым жылу жүйесінде ағымдағы жөндеу, 4 нысанда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның екеуінде жылу қазандықтарын жаңғырту, екеуінде 7,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда тұрғындарды жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көктемгі-жазғы маусымда жоспарлы жөндеу және қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі