“Таза Қазақстан” акциясы аясында Шымсити шағын ауданындағы саябақта Абай ауданы әкімі аппараты мен Абай коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығы еріктілерінің қатысуымен сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» – бұл «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір бағыты, оның мақсаты тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту болып табылады. Дәл осы «Таза Қазақстан» қалдықтарды тұрақты басқаруды қамтамасыз етеді: мысалы, жобаны таныстыра отырып, Қазақстан Республикасының Экология министрлігі бөлек жинауға арналған сегіз мыңнан астам контейнер орнатуға уәде берді, және, әрине, қалдықтарды сұрыптау идеясын халық арасында насихаттау.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты.
Екінші апта – «Киелі мекен» деген атаумен айшықталды. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Еліміз батырларға, ел басқарған ұлы тұлғаларға, Ұлт ұстаздарының рухына құрмет көрсетуді ұмытқан емес. Тарихы терең елде тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Бүгінде тарихи бейнесімен қатар туристік сипат алып келе жатқан орындарды таза ұстау бүгінгі ұрпақтың борышы. Ежелгі нысандардың тазалығы ұлттың рухани байлығын көрсетеді.
Бұл бағыттағы шараларға тұрғындар да атсалысты. 200 адам, 12 техника жұмылдырылған тазалық жұмыстары барысында Темірлан тас жолы бойындағы гүлзар, Алматы тас жолы, Ақмешіт аумағы қоқыстан тазартылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі