Бүгін Шымкентте халықаралық шахмат федерациясының 100 жылдығына орай, FIDE100 Guinness World Records Attempt аясында ұйымдастырылған KazChess Fest 2024 турнирі өтті.
Турнирге қаланың әр жастағы 104 шахматшы қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
1966 жылдан бастап жыл сайын 20 шілдеде ФИДЕ «Біз бір отбасымыз» ұранымен өтетін Халықаралық шахмат күнін атап өтеді. Бұл күні бүкіл әлемде шахмат турнирлері ұйымдастырылады.
Шахмат екі ойыншы арасында шахмат тақтасында ойналады. Ойын тақтасы 64 шаршыдан тұрады.Ойынның басында әрбір ойыншының иелігінде ақ немесе қара түсті он алты тас (шахмат фигурасы) болады: бір патша, бір уәзір, екі піл, екі ат, екі турка және сегіз сарбаз.
Ойынның мақсаты — қарсыластың тастарына шабуылдай отырып, патшаға мат қою.Шахматты ойыншылар тобы да, бір-біріне немесе бір ойыншыға қарсы ойнай алады; мұндай ойындар әдетте кеңес беру деп аталады.
-Биыл ФИДЕ өзінің 100 жылдығын тойлауда, соңдықтан осы жолы бұл күн мүлдем ерекше атап өтіледі. ФИДЕ өз алдында 24 сағат ішінде ойналған шахмат ойындарының ең көп саны үшін Гиннестің рекордтар кітабына ену мақсатын қойды. Бүгінгі тартысты кездесуге қатысушылардың ең жасы 7 жаста. Сонымен қатар 66 жастағы қала тұрғыны да бақ сынауда. “3+2” блиц турнир түрінде, әр ойыншыға партияға 3 минут, бірінші кезектен бастап әр айналымға 2 секунд қосылады, Швейцария жүйесі бойынша 9 тур болады. Қатысушылар әуесқой болсын, гроссмейстер болсын бүгінгі жүрістері тарихта қалуы әбден мүмкін, — деді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Айта кетейік, 1924 жылы 20 шілдеде Парижде 14 елдің өкілдері Халықаралық шахмат федерациясының негізін қалады. Жүз жыл ішінде ФИДЕ мүшелерінің саны 201-ге дейін жетіп, ал шахматты үнемі ойнайтын адамдар саны 800 миллион адамнан асты деген болжам бар.
“Шымкент келбеті”