Шымкент қаласында елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен жеке инвестор FISHNET компаниясы тарапынан бүгінде Самал-2, Наурыз шағынаудандары талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды.Цифрландыру саласы елімізде жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспар саналады. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру ісі елде тұрған басты мақсат екенін қадап айтқан еді. Осы орайда Үкімет те Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауға білек сыбана кірісуде.
Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Наурыз шағынауданы тұрғындарымен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді. Басқарма басшысы Самал-2, Наурыз және Асар шағынаудандарын талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын тұрғындарға түсіндіріп берді.
-Жоспарға сәйкес, шағынаудандарды кең жолақты, талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінде Самал 2, Наурыз, Асар 2 шағынаудандары жеке инвестор есебімен аталған желімен қамтылуда. Жауапты — FISHNET компаниясы.
Биыл 20 елді мекенді жыл соңына дейін кезең-кезең бойынша қамту жоспарланған. Қаладағы 81 елді мекеннің басым бөлігінде жоспарды орындап келе жатырмыз. 2025 жылдың соңына дейін қаладағы барлық елді мекенді толық қамту жоспарда, — деді басқарма басшысы.
Жауапты компания өкілі Нұржан Алматовтың айтуынша, шағынаудандарда интернет орнату тегін. Тұрғындар тарифті өздері таңдай алады. Наурыз шағынауданында 150 абонент осы желіге қосылған.
Заманауи талшықты-опитика желісінің басты ерекшелігі – интернеттің жылдамдығы.
Өткен жылы 20 елді мекенге аталған оптикалық желіні тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумға қол қойылған еді. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жыл аралықта тұрғын алаптар тізімі және олардың мерзімдері белгіленді.
«Шымкент келбеті»