9.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

Құрметті қала тұрғындары!

Кез келген жерде кейде оқыс оқиғалар болып тұрады. Біз ондай жағдайларға әрқашан дайын болуымыз қажет. 27 шілдеде «Ордабасы» индустриялық аймағынан шыққан өрт қала тұрғындарын алаңдатып қойғаны жасырын емес. Алайда төтенше жағдай кезінде барлық жауапты органдар бір мезетте жұмылып, өртті сөндіруге бір адамдай атсалысты. Ешкім де бей-жай қалмады. Өзім оқиға орнында болып, жағдайды толық бақылауда ұстадым. Жедел құрылған штабтың, өрт сөндірушілер мен дәрігерлердің, жергілікті атқарушы органдардың шұғыл әрекетінің арқасында адам шығыны мен ауыр халге түскендер болған жоқ. Экологтар тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауадан сынамалар алынды. Олар алаңдауға негіз жоқ екендігін жеткізді. Апат айтып келмейді, алайда барлық жауапты органдар төтенше жағдайға қарсы тұра алатынын көрсетті. Әркім өз ісінің нағыз маманы болса ғана, біз кез келген қатерге төтеп бере аламыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Сабыр сақтап, мамандардың қызметіне сенім артқандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін!
Осы ретте мен бірнеше мәселенің басын ашып айтқым келіп отыр. Біріншіден, әділдік әрбір адамға да, әкімге де бірдей қажет. Қала басшысы міндетін мойныма алғалы бері жұмыс жоспарлы түрде атқарылып келеді. Басты мәселе – мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы мен ашықтығы. Онсыз жұмыс алға жүрмейді. Ел арасында «пара бермесең іс бітпейді» деген түсінік санаға сіңіп қалған. Дегенмен, жүйелі жұмыстың арқасында бүгінгі таңда өз қызметіне құн сұрайтын мемлекеттік қызметкерлер қатарымызда жоқ деп айта аламын. «Әділетті Қазақстан – адал азамат» ұғымын түсінгісі келмегендерді жұмыс барысында құзырлы органдардың алып кеткеніне де куәсіздер. Халықты алдап, мемлекеттің қаражатына қол сұғу, параға сатылу – құлдық сананың белгісі. Бүгінде білім нәріне сусындаған, көздерінде оты бар, намысшыл жастар сіздердің қолайлы әрі жайлы ортада өмір сүрулеріңізге барынша атсалысып келеді. Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер менің ұстанған позициямды біледі. Тағы да қайталап айтамын, бұдан былай жемқорларға көз жұмып қарау деген болмайды. Біз бұл дертке қоғам болып қарсы тұруға тиіспіз. Біздің бағытымыз «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидасы негізінде болуы қажет. Пара алу да, пара беру де – қылмыс. Бұл мәселе – қатаң бақылауда!
Екіншіден, жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік, істегісі келмейтін адам сылтау іздейді. Шымкент қаласында атқарар шаруа қыруар. Қордаланған күрделі мәселелерді шешу – менің және менің қол астымдағы жауапты қызметкерлердің негізгі жұмысы. Кез келген мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін қаланың әр түкпірін кейде жаяу аралауға тура келеді. Халықтың ортасында болу, тұрғындармен тілдесіп, олардың мәселесін тыңдау – менің міндетім. Бұны көзбояушылық деп қабылдауға болмайды. Бұл – қате түсінік. Жеке бастың жарнамасымен айналысатын ой да, уақыт та жоқ. Біз жасандылықтан қашуымыз қажет. Атқарылып жатқан жұмыс барысы әлеуметтік желідегі әкімдіктің ресми парақшасына және менің жеке парақшама салынады. Желі қолданушылары, сіздер бұл туралы жақсы білесіздер. Күнделікті көріп, қадағалап отырсыздар. Ондағы ұсыныстар мен өтініштер міндетті түрде ескеріледі. Біз сіздерге әрқашан ашықпыз.
Үшіншіден, Қазақстанда ең көп саябағы бар қалалардың бірі де бірегейі Шымкент. Шымкентті шырайлы, жасыл қала деп бекер айтпайды. Біз қала тұрғындарына, келген қонақтарға жайлы орындар қамтамасыз етуді тоқтатқан жоқпыз. Мысалы, жаңадан салынған «Шымсити саябағы» тұрғындардың көңілінен шықты. Бірақ көп уақыт өтпей жатып, саябақ қоқыс алаңына айналып кете жаздағанын көріп қайран қалдық. Қазір, әрине, саябақ ретке келтірілді. Бірақ мәселе бұнымен шешілмейді. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейтін сөз бар. Айналамызға, ортамызға, қаламызға өзіміздің жанымыз ашымаса, басқадан қайыр күту бос әурешілік. Қаланың көркеюі, өркендеуі сіздерге де байланысты. Біз шаһардағы жабайы сауда, заңсыз құрылыспен де қарқынды күресті жалғастыра береміз. Жарық бағандарын әдейі өшіретін бұзақылар, көлікте жүріп темекі тұқылын тастайтын, қоқыс шашатын, шындыққа жанаспайтын түрлі қауесет тарататын өзге пиғылдағылар заң алдында жауап береді. Алайда адамның ішкі мәдениетінің өзгеруімен, біздің өлкеміз де өзгереді. Ең көрікті қала – ол таза қала. Баршаңызды «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді түрде атсалысуға шақырамын.
Құрметті жерлестер!
Алпыс айлалы саясаткер болса да, халықтың қолдауынсыз іс өнбейді. Біз бірге болсақ қана ортақ үйіміз – сүйікті қаламызды гүлдендіре аламыз. Шымкент халқы қашан да еңбекқорлығымен, қонақжайлығымен ерекшеленіп тұрады. Шаһарымыз 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғанын естен шығармаған жөн. Ендеше Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда айтқан бес кесел: есірткі, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдыққа қарсы бірге күресуге шақырамын. Қаламыз өркендей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ұқсас ақпараттар

«ШЫМКЕНТ СИТИДЕ» СУ АЙДЫНЫ БАР ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

smarttop

ӘСКЕРИ МАМАНДАРДЫҢ ІС-ҚИМЫЛДАРЫНЫҢ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІН АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ АЯҚТАЛДЫ

smarttop

БАЛАЛАР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

smarttop

Пікір қалдыру