Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында аса қауіпті аурулардың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызы сібір жарасы, адам папилломасы вирусы сияқты аурулар бойынша қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың қалай қалыптасып жатқаны туралы айтып берді.
Эпидемиологиялық, эпизоотологиялық тұрғыдан Шымкент қаласы Республика көлемінде сібір жарасы аурушаңдығы бойынша қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Бүгінгі таңға қала көлемінде сібір жарасының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. 2024 жылдың 7 айында аталған вирус бойынша оқиға тіркелмеген.
– Жалпы, сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы). Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Биыл жаз өте ыстық болуына орай жайылымда шөп тез құрғағандықтан малдар ластанған топырақтан сібір жарасын жұқтыруы әбден мүмкін. Адамдар ауру малмен, ауру малдың еті және ет өнімімен қатынаста болғанда ауырады. Ауру адамнан адамға жұқпайды,-дейді Айгүл Мелесқызы.
Ал, қалалық онкологиялық орталықтың емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Самат Исмаиловтың айтуынша, жатыр мойны рагы Қазақстанда 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы анықталады екен. Бұл дегенеміз, жыл өткен сайын қатерлі ауру дендеп келеді. Ал, жыл сайын 600-ге жуық әйел осы дерттен қайтыс болады. Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы жатыр мойны рагы түрлі қатерлі дерттермен салыстырғанда бес орынды тұр. Жалпы онкологиялық аурулардың 6,5 пайызын құрайды. 2024 жылдың 7 айының қорытындысы өткен жылмен жылмен салыстырғанда еселенген.
– Былтыр 98 адам дәл осы жатыр мойнының обыры дертіне шалдықса, 2024 жылдың 7 айлық есебі бойынша «Д» есепте 765 науқас тіркелген. Өмірінде алғаш рет осы дертке шалдыққан 51 науқас есепке алынған. 0-I сатысында 15 науқас, бұл 29,4 пайыз. II сатысында 34 науқас, бұл 66,7 пайыз. III сатысында 2 науқас, бұл 3,9 пайызы. IV- сатысында – 0 жоқ. 2024 жылдың 7 айындағы жатыр мойны рагімен 38 111 әйел кісілер скринингтік тексеруден өту керек болса, 7 айда 29 577 әйел кісі өткен. Бұл 77,6 пайызды құрады. Жалпы анықталған ісік алды патологиялар 755 жағдайда (2,6 пайызында), оның ASC-H- 97, HSIL -180, AGC – 8, HSIL (CIS) – 20, 20 рак табылған,-дейді Самат Исмаилов.
Айта кету керек, биыл қыркүйек айында елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу жоспарланған. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.