-6.7 C
Шымкент
Четверг, 14 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТУДЕ

Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл шараның негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеп, халықпен етене жақын таныстыру, қолөнершілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік беру, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттау.

Қолөнер – халқымыздың ежелден келе жатқан бай мұрасы. Бұл өнер ата-бабамыздан мирас болып қалған және қазіргі уақытта заман талабына сай дамып келеді. Бүгінде қолөнер көптеген адамдар үшін бос уақытты өткізудің жолы ғана емес, табыс көзіне айналған. Осыны ескере отырып, жыл сайын дәстүрлі түрде қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында ұйымдастырылатын бұл көрме үлкен маңызға ие.

Іс-шараның ашылуында Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы қолөнер жәрмеңкесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Шара барысында келушілерге теріден, ағаштан, қыштан, киізден, темірден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ұлттық нақыштағы киімдер мен үй жабдықтары кең ассортиментте ұсынылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Фестиваль барысында түрлі этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ортақ дастархан жайды.

Бұрынғы жылдары ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен қатысушылар, биылғы шарада үй жағдайында дайындалған ұлттық тағамдарды қалың көпшілікке ұсынып, қазақтың дастархан мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеді.

Фестивальдің басты мақсаты – этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының төңірегіне топтастыру және ұлтымыздың қонақжайлылық, сыйластық сынды игі дәстүрлерін насихаттау болды.

Шараға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Фестиваль барысында «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының» мамандары ұлттық дәстүрлер мен тағамдарға қатысты жан-жақты мәліметтер берді.

Еске сала кетейік, «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған бұл фестиваль алғаш рет 2015 жылы Шымкентте ұйымдастырылған. Биыл тоғызыншы рет өткізілген шара жыл сайын қалалық ассамблеяның қолдауымен түрлі форматта жалғасын табуда.

Ал, көрме-жәрмеңкесі бүгін сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық өнер мерекесін тамашалауға шақырамыз!

Ұқсас ақпараттар

Полицейлер тұрғынның көлігінен 1 келіден астам есірткі тапты

smarttop

МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫ ЖАНДАНҒАН

smarttop

ТҮРКІСТАНДА «НАУРЫЗНАМА» ОНКҮНДІГІ БАСТАЛДЫ

smarttop

Пікір қалдыру