Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық неміс этномәдени бірлестігінің мүшелері мен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері басқосып, жазушы, әдебиеттанушы, аударшамы, публицист Герольд Бельгердің 90 жылдығына орай, «Герольд Бельгердің әдеби мұрасы: Қазақстан және әлем әдебиетіне қосқан үлесі» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді.
Жиынды «Қазақстан неміс жастары одағы» төрағасының орынбасары А.Дрейлинг ашып жүргізді. Мәжілісте «Ассамблея жастары» Шымкент қалалық өкілдігі төрағасының орынбасары Г.Сейдахметова, орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі А.Ниязова баяндама жасап, Г.Бельгердің өмір жолы, шығармашылығы және қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі туралы айрықша атап өтті.
Жастар Бельгердің мол шығармасы мәдениет аралық байланысты бекемдеп, жас буынды біріктіретін әлеуетке ие екендігін айтты. Және көркем әдебиеттің жас буын тәрбиесіндегі орны мен рөлі туралы пікір алмасты.
Айта кетейік, Герольд Карлович Бельгер 1934 жылы 28 қазанда туылған. 1941 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Г.Бельгер Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын қарапайым мұғалім болудан бастаған. Ол шығармаларды қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазды.
Герольд Бельгер 53 кітаптың авторы. Қазақ әдебиетінің Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды. Еңбектерінде ол Абайдың сан қырлы шығармашылық дарынына, ақындық құдіретіне, жаңашыл дәстүріне шолу жасады.
Абайдың мол мұраларын зерттеп, бірқатар қазақ жазушыларының шығармаларын аударды.
Бельгердің «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Гете мен Абай» секілді туындылары көзі қарақты оқырманнан оң бағасын алды.