Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен №1 Talant мектебінде «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында түсіндірме жұмыстары өтті. Іс-шараның мақсаты – табиғи апат жағдайында дұрыс әрекет етуді үйрету және қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Шара барысында мектептің акт залында төтенше жағдайлар қызметінің және апаттар медицинасы орталығының мамандары келіп оқушыларға теориялық және практикалық білім берді. Мамандар жер сілкінісі кезінде алғашқы қадамдар мен әрекеттердің маңыздылығын атап өтті.
– Қандайда бір табиғат апаты кезінде паникаға бой алдырмау және сабыр сақтау маңызды. Жақын маңдағы қауіпсіз орынға шұғыл жету, мысалы, есік жақтауы, мықты жиһаз астына тығылу. Терезелерден, айнадан және ауыр заттардан алыс болу. Жер сілкінісі кезінде ғимараттан бірден шықпау, бірақ дүмпу тоқтаған соң эвакуация жасау. Егер абыр-сабырда жарақат алып қалсаңыз, дәрігер келгенше сауатты алғашқы көмек көрсете алу керек. Ондай жағдайда сізге көмектесетін ең алдымен өзіңіз, – дейді апаттар медицинасы орталығының дәрігері Ғалымжан Қамбарұлы.
Іс-шара барысында қатысушыларға жер сілкінісінің белгілері, оның салдары және қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ, мамандар қауіпсіздік дағдыларын көрсетіп, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін нақтылады.
Қатысушылар арнайы ұйымдастырылған эвакуация жаттығуларына қатысып, дабыл кезінде ғимараттан шығу тәсілдерін тәжірибе жүзінде үйренді.
Мектеп ұстаздары да бұл шараның жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Өткізілген бұл шара жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайларда адамдардың өмірін сақтауға бағытталған білім беру жұмыстарының маңыздылығын тағы бір дәлелдеді. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды болашақта да тұрақты түрде өткізу жоспарын құрып отыр.
«Шымкент келбеті»