Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, ескі танысы 2021 жылы «Таныстарым бар, жаңа салынған үйіңнің құжаттарын тез арада заңдастырып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 1 500 000 теңгесін алғанын хабарлады. Яғни 1 жылдан астам уақыт өтсе де уәде орындалмаған, не ақшасы қайтарылмаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті барлық шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ол полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған ер адам жергілікті тұрғын болып шықты. Сондай-ақ сайрамдық полицейлердің анықтауынша, күдікті алаяқтық жолмен алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Кезексіз, уақытынан бұрын мәселемді шешемін деп екі есе шығынға батып жүрмеңіз.