Түркістандық тәртіп сақшылар жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде, бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлаған күдіктіні ұстады. Белгілі болғандай, аталмыш ер адам екі күннің ішінде сұлулық салоны мен тамақтану орнынан ақша ұрлаған.
Нақтырақ айтсақ, ұрлықпен айналысқан ер адам түнгі сағат 02:00 шамасында Сарыағаш ауданындағы орналасқан сұлулық салонының пластик сыртындағы темір тор есігінің ашық тұрғанын байқап қалып, арам ойы туындаған. Содан кейін ол қолына ілінген құралдардың көмегімен пластикалық есікті күшпен ашып, ішінен ақша ұрлаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 140 мың теңгені құрады.
Оңай жолмен пайда табуды көздеген күдікті, келесі түнде базар жанындағы автотұрақта орналасқан самсахананың пластикалық есігін бұзып ашып кірген. Мұнда ұры жалпы көлемі 150 мың теңгеге жуық ақшаны жымқырып кеткен. Ер адам қаражаттың барлығын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Сарыағаш ауданының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу мен өз мүлкін сақтауға қажетті шараларды қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше үй-жайларда бейнебақылау камералары мен күзет дабылын, сондай-ақ терезелердегі торларды және есіктердегі сенімді құлыптарды орнату керек. Егер де, сіз, біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.