Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері полиция полковнигі Бауыржан Алдабергенов пен полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Төреқұлов «Азаматтарды қабылдау» бөлмесінде «Ашық есік» күнін өткізді. Жиынға 20-ға жуық мектеп оқушылары, жоғарғы оқу орнының студенттері мен ата-аналары қатысты. Шараның мақсаты — Ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдау және оқуға түсуіне тиімді бағыт-бағдар беру.
«Ашық есік» күні полиция қызметкерлері келгендерге полиция қызметінің қыр-сырын, қауіпті әрі жауапты мамандық екендігін айтты. Тәртіп сақшыларының бойынан табылуға тиіс қасиеттер халықтың шын жанашыры болуы ең басты міндет. Сонымен қатар ішкі істер органдарының қызметкері болғысы келетіндердің көкейтесті сауалдарына жауап беріп, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сондықтан, полицей болғысы келетін әрбір жас кез-келген жағдайға дайын болып, қиындықтарға төтеп беруі керектігі жеткізілді. Кездесу соңында ата-аналар мен жастар өздерінің сұрақтарына тұщымды жауап алғандықтарын айтып, алғыстарын білдірді.